ЗӘКИ УӘЛИДИ ТОҒАН МЕН АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ САЯСИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ ЖАЙЛЫ ДЕРЕКТЕР МЕН ПАЙЫМДАР
DOI:
https://doi.org/10.54251/2522-4026.2025.01.28qazТүйінді сөздер:
Зәки Уәлиди Тоған, Алаш қозғалысы, қазақ зиялылары, түркі бірлігі, ұлттық дербестік, тарихнама, мемуар деректері, ғылыми мұра, мәдени сабақтастық.Аннотация
Мақалада Ахмет Зәки Уәлиди Тоған мен қазақ зиялылары арасындағы саяси, ғылыми және рухани ынтымақтастық мәселесі кешенді түрде қарастырылған. Авторлар тарихи деректер, архивтік материалдар және мемуарлық еңбектер негізінде Башқұрт автономиясы мен Алаш қозғалысы арасындағы өзара ықпалдастықтың мазмұнын ашып көрсетеді. Зерттеу барысында Зәки Уәлиди Тоғанның тұлғасы тек башқұрт халқының ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің ортақ мұрагері ретінде бағаланады. Оның еңбектеріндегі қазақ халқының тарихы, отаршылдыққа қарсы күрес, ұлттық сана мен мәдени дербестік идеялары арнайы талдауға алынады. Мақалада сондай-ақ Алаш жетекшілері - Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатов сынды қайраткерлердің Зәки Уәлиди Тоғанмен идеялық және практикалық байланыстары сараланады. Екі тараптың да негізгі мақсаты – түркі халықтарының рухани және саяси бірлігін сақтау, ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту және ана тіліндегі білім мен ғылымды дамыту болғаны айқындалады. Авторлар Зәки Уәлиди Тоғанның «Түркістан тарихы», «Hatıralar» секілді еңбектерін Қазақстан тарихнамасының маңызды дереккөздері ретінде қарастырып, олардың заманауи зерттеу мен білім беру процесіндегі маңызын көрсетеді. Сонымен қатар, мақалада түркітану ғылымындағы сабақтастық пен қазіргі кезеңдегі жаңа зерттеу бағыттарына -цифрландыру, пәнаралық тәсіл және халықаралық ғылыми ынтымақтастыққа ерекше назар аударылады. Зерттеу нәтижесінде Ахмет Зәки Уәлиди Тоған мен Алаш қайраткерлері арасындағы байланыс тек тарихи құбылыс емес, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның рухани тұтастығы мен ғылыми дамуына ықпал ететін идеялық негіз екені дәлелденеді.

