СЫРДАРИЯ ЖӘНЕ ҚАРАТАУ ӨҢІРЛЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚ КЕЗЕҢІ ЕСКЕРТКІШТЕРІНІҢ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫ: XIX–XX ҒАСЫРЛАР
DOI:
https://doi.org/10.54251/2522-4026.2026.31.09qazТүйінді сөздер:
Сырдария, Қаратау, қазақ кезеңі ескерткіштері, зерттелу тарихы, мазар, кесене, қорым, археологиялық зерттеу, сәулеттік зерттеу, этнографиялық деректерАннотация
Мақалада Сырдария және Қаратау өңірлеріндегі қазақ кезеңі ескерткіштерінің зерттелу тарихы және оның XIX–XX ғасырлардағы даму ерекшеліктері қарастырылады. Зерттеу XIX–XX ғасырлардағы еңбектерді қамтиды, ал зерттелу тарихының бастапқы алғышарттарын көрсету мақсатында XVIII ғасырдың басындағы картографиялық дерек те қарастырылады. Зерттеудің дереккөздік негізін саяхатшылардың жол жазбалары, әскери-топографиялық сипаттамалар, археологиялық және археологиялық-этнографиялық экспедиция материалдары, сәулеттік зерттеулер, ескерткіштер тізілімдері мен этнографиялық мәліметтер құрайды. Зерттеу барысында ескерткіштерді сипаттау мен тіркеу тәсілдерінің маршруттық бақылау мен сипаттаудан жүйелі археологиялық, сәулеттік және этнографиялық зерттеулерге дейінгі даму үрдісі сараланды. XIX ғасырдағы зерттеулерде ескерткіштердің орналасуын, сыртқы пішінін, құрылыс материалдарын және жергілікті атауларын тіркеу басым болса, кеңестік кезеңде сәулеттік өлшеу жұмыстары, топографиялық түсірілім, аэрофототүсірілім, эпиграфикалық зерттеу, археологиялық қазба және информаторлардан мәлімет жинау әдістері кеңінен қолданыла бастағаны анықталды. Нәтижесінде Сырдария және Қаратау өңірлеріндегі ескерткіштерді зерттеудің өзара сабақтас бірнеше ғылыми бағыты қалыптасқаны көрсетілді.

