ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ӘЙЕЛ КИІМІНІҢ ПІРІ – КИМЕШЕК
DOI:
https://doi.org/10.54251/2522-4026.2026.31.08qazТүйінді сөздер:
кимешек, келін, жас ана, көшпелі қоғам, 8 наурызАннотация
Мақалада қазақ қоғамында тұрмысқа шыққаннан кейін жас ананың алғашқы сәбиін дүниеге әкелуімен байланысты киілетін дәстүрлі бас киім – кимешектің рөлі зерттеледі. Кимешектің гигиеналық, әлеуметтік және психологиялық-қорғаныстық қызметі; оның әшекейлері арқылы әйелдің ру, ауыл, әулеттегі мәртебесін көрсететін ақпараттық мәні талданады. Архивтік деректерге сүйене отырып, Қазақстан тарихы мен этнографиясында алғаш рет ХХ ғасырдың 20-шы жылдарында кимешектің мемлекеттік саясат арқылы қолданыстан шығарылу фактісі анықталды. 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін тек қоғам қайраткерлерін ғана емес, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды да нысанаға алды. Кеңес өкіметінің «Кимешекті шешу» науқаны дәстүрлі қазақ қоғамының байланысын үзуге бағытталған зымиян әдістердің бірі болды. Соның тағы бір көрінісі – отбасылық өмірге қол сұғу болды. Мақаланың ғылыми жаңалығы – бұл процестің алғаш рет ғылыми айналымға енгізілуінде. Практикалық маңызы – Тәуелсіз Қазақстанда ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртуға үлес қоса алады.

